«Құқық қорғау органдары «ҚазАвтоЖолдың» барлық дерлік басшылығын қамауға алды. Ішінде аймақтық филиалдардың жетекшілері де бар. Әрине, бұл жақсылықтың нышаны емес. Осының өзі қаржыны тиімді игеру және жол сапасы бойынша үлкен кемшіліктердің бар екенін көрсетіп отыр. Жеңіс Қасымбек (Инвестициялар және даму министрі - авт.) қайда қарады? Не болды? «ҚазАвтоЖолдың» бәрі ұры болып шықты ма?», - деп сұрады Н.Назарбаев бүгін Үкіметтің кеңейтілген отырысында.
Министр Жеңіс Қасымбек «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстық істердің қозғалғанын жеткізді. Осы орайда, Президент нормативтерді өзгерту қажеттілігіне тоқталды. «Жұмысты орындағанда біз нормативке қараймыз. Қазіргі норматив ескірді. Жолдың сапасына баса назар аудару қажет. Әйтпесе, нормативпен салады, нормативпен ақша алады. Мемлекетте ақша көбейсе, тәбеттері де ашылады. Министрлік не үшін керек? Мемлекеттік қаржының жұмсалуын қадағалауы қажет. Бұл - сенің (Жеңіс Қасымбектің - авт.) жұмысыңдағы кемшілік», - деп атап көрсетті Н.Назарбаев. Айта кетейік, соңғы үш жылда автомобиль жолдарын құрылысына бюджеттен 630 млрд теңге бөлінді.